2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда соңғы жылдардағы ең ауқымды салық өзгерістері күтіледі — күшіне жаңа салық кодексі енеді. Реформалар бюджеттің кірістерін арттыруға, процестерді цифрландыруға, экспорт пен ауыл шаруашылығын қолдауға, сондай-ақ адал емес салық төлеушілерге бақылауды күшейтуге бағытталған.
Ең ірі өзгерістердің бірі қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты. Назар аударуды қазірден талап ететін тұстарын тарқатамыз.
Қазақстанның Салық кодексі және ҚҚС мөлшерлемелері
Ең талқыланған өзгеріс — ҚҚС-тың стандартты мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтеріледі. Жаңалық жеткізушілерге, сатушыларға және тұтынушыларға әсер етеді. Бастапқыда 20% қарастырылған, бірақ түпкілікті 16% бекітілді.
Әлеуметтік мәні зор секторлар үшін мөлшерлемелер төменірек:
- Базалық мөлшерлеме 16% тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өткізудің және импорттың басым көпшілігіне қолданылады.
- 10% мөлшерлеме отандық мерзімді басылымдарды өткізуге сақталады.
- Фармацевтика мен медицина үшін төмендетілген мөлшерлемелер:
— 5% — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады;
— 10% — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
Маңызды жайт: бұл мөлшерлемелер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберіндегі тауарлар мен қызметтерге, сондай-ақ сирек кездесетін генетикалық дерттерді емдеуге қолданылмайды. Аталған санаттар бұрынғыдай ҚҚС-тан толық босатылады.
ҚҚС-тан босатылады:
- кітаптарды баспа түрінде шығару;
- тауарлар экспорты;
- халықаралық тасымалдарға байланысты айналымдар;
- халықаралық әуе желілерінің әуе кемелеріне арналған ЖЖМ-ды өткізу;
- аффинаждалған алтынды өткізу.
ҚҚС төлеушілерін тіркеудің жаңа тәртібі
ҚҚС төлеушілерінің шеңбері шамамен екі есе кеңейеді. Бұл міндетті тіркеу шегін төмендету есебінен болады.
- Ескі шек — 20 000 АЕК (айлық есептік көрсеткіш).
- Жаңа шек — 10 000 АЕК (тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы мөлшер бойынша есептеледі).
Салық төлеуші өтінішті қатаң белгіленген мерзімдерде беруі тиіс:
- шектік айналым көлемі асқан күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей;
- егер бір жолғы мәміле бойынша айналым лимиттен асатын болса, өтінішті мұндай мәміле бойынша айналым жасалғанға дейін дейін беру қажет.
ҚҚС төлеуші ретінде міндетті тіркеуге жатпайтындар:
- мемлекеттік мекемелер;
- резидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері;
- жеке практикамен айналысатын тұлғалар;
- арнайы салық режимін қолданатын тұлғалар;
- жеке тұлғалар.
Есептен шығару рәсімі де Қазақстанның Салық кодексінде регламенттелген және арнайы салық режиміне ауысқанда немесе таратылған кезде орындалады. Бұл ретте салық төлеуші таратуға байланысты салық есептілігін ұсынуға міндетті.
ҚҚС-ты есепке жатқызуды оңайлату және есептілікті тапсырудың жаңа мерзімдері
Реформа адал салық төлеушілер үшін ҚҚС-ты есепке жатқызудың әкімшілік рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.
АӨК үшін есепке жатқызу үлесін ұлғайту
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау үшін Қазақстанда ҚҚС-ты есепке жатқызу үлесі 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл мөлшерлеменің (12%-дан 16%-ға) өсуіне байланысты артқан салық жүктемесін өтеуге көмектеседі.
Есепке жатқызудың бірыңғай күні
Кіріс ҚҚС-ты есепке жатқызу бойынша барлық операциялар енді бірыңғай күнге байланады: тауар алынған, жұмыс орындалған немесе қызмет көрсетілген күн. Бұл есепте түсінбеушіліктер мен айырмашылықтарды жояды.
ЭШФ-де есепке жатқызуды белгілеу
Электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде (ЭШФ АЖ) есепке жатқызуды көрсету декларацияны ұсынғанға дейін жасалуы тиіс. Бұл ҚҚС тізбегін автоматтандырылған түрде бақылаудың негізгі талабы: салық қызметі жеткізуші мен сатып алушы арасындағы есеп айырысудың дұрыстығын тексере алуы үшін.
Декларация тапсырудың жаңа «жылжымалы» мерзімдері
Қазақстанда ҚҚС декларациясын есепті айдан кейінгі айдың 15-інен бастап және екінші айдың 15-іне дейін қоса тапсыру қажет. Мысалы, 2026 жылдың 1-тоқсаны үшін декларацияны 15 сәуірден 15 мамырға дейін тапсыру керек.
ҚҚС-ты жедел қайтару
Бұл экспортқа бағытталған бизнес үшін ең оң өзгерістердің бірі.
ҚҚС-ты жедел қайтаруға кім үміткер бола алады
ҚҚС-ты қайтарудың жеңілдетілген тәртібін қолдану құқығы белгіленген критерийлерге сай келетін барлық экспорттаушыларға таратылады, бұған дейінгідей тек ең ірі компаниялармен шектелмейді. ҚҚС-ты жедел қайтаруға құқылы салық төлеушілер саны 20 еседен артық өседі деп күтіледі.
Жедел қайтару тәртібін қолдану шарттары
- Соңғы 12 айдағы экспорт үлесі компанияның жалпы айналымының кемінде 50%-ын құрауы тиіс.
- Салық органдары тарапынан орындалмаған нұсқамалар мен хабарламалардың болмауы.
- Алдыңғы 12 ай бойынша салық тексерулерінің нәтижесінде расталған қайтаруға жататын соманың болуы.
ҚҚС қайтару мерзімі:
- жедел тәртіп бойынша — камералдық бақылаусыз 15 жұмыс күні;
- тексеру қорытындысы бойынша мерзім 75-тен 55 жұмыс күніне дейін қысқартылады.
Маңызды: барлық мерзімдердің есебі қайтару туралы талап (өтініш) берілген күннен басталады, декларация тапсырылған күннен емес. Бұл экспорттаушылардың ақшалай қаражатының айналымын айтарлықтай жеделдетіп, айқын бәсекелік артықшылық береді.
ЭШФ-ны бұғаттаудың негіздемелері
Жаңа ережелерге сәйкес ҚҚС төлеушілер Қазақстанда іске асырылатын шетелдік жеткізушілердің қызметтері бойынша электрондық шот-фактураларды жазып беруге міндетті. Бұл салық органдары үшін бақылауды жеңілдетеді және келешекте ҚҚС бойынша декларация тапсыру процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексі адал емес компаниялар мен схемаларға қарсы қуатты құрал береді — электрондық шот-фактураларды жазып беруді лездік бұғаттау. Бұғаттаудың негіздемелері сан алуан және «ауыр тұстардың» бәрін қамтиды. Негіздемелер тізбесі Қазақстанның Салық кодексінің 88-бабында көрсетілген.
Бұғаттау бір жұмыс күні ішінде негіз туындағаннан кейін жүзеге асырылады. Себеп жойылғаннан кейін дәл осындай мерзімде — бір күн ішінде — бұғаттау алынады.
Бизнес үшін бұл кез келген есептілік немесе құқықтық мәртебеге қатысты мәселе дереу шаруашылық қызметті тежейді дегенді білдіреді, себебі ЭШФ-сіз заңды сату мүмкін емес. Мұндай тәсіл компаниялардан барлық талаптарды мінсіз сақтауды қажет етеді.
Банктік сектордағы ҚҚС
Қазақстанның Салық кодексіндегі тағы бір маңызды өзгеріс — қаржы секторы үшін ҚҚС бойынша жеңілдіктерді алып тастау.
Қайсысы ҚҚС-қа жатады
Тек ақылы банктік қызметтер. Мысалы: банк карталарын шығару және жыл сайынғы қызмет көрсету, әртүрлі төлем жүйелері арасындағы ақылы аударымдар, жекелеген ақылы сервистер. Яғни банк қандай да бір қызмет үшін қазір ақы алса, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап сол сомаға 12% ҚҚС қосылады.
Қайсысы ҚҚС-тан босатылады
Барлық тегін операциялар, соның ішінде бір банктегі шоттар арасындағы ішкі аударымдар, шоттарды ашу және жүргізу (тарифте көзделмесе), қарапайым төлемдер.
Әсері
Негізгі әсері премиалдық банктік өнімдер мен ақылы қызметтерді пайдаланатын клиенттерге тиеді. Қарапайым азаматтар үшін, тегін стандартты қызметтер жиынтығын пайдаланса, өзгеріс болмайды.
Қазақстандағы ҚҚС: қорытынды
Жаңа Салық кодексі ҚҚС әкімшілендіру жүйесін кешенді қайта іске қосу іспетті. Ол елеулі мүмкіндіктер (экспорттаушыларға жедел қайтару, ҚҚС-ты есепке жатқызуды оңайлату) мен қатал тәуекелдерді (ЭШФ-ны лезде бұғаттау) қатар әкеледі.
Бизнес қазірден не істеуі керек:
- қаржылық талдау жүргізу — 16% мөлшерлемені ескере отырып, қаржылық модельдер мен бағаларды қайта есептеу;
- тіркеу қажеттілігін бағалау — жылдық айналымның жаңа 10 000 АЕК шегінен асуын тексеру;
- экспорттаушыларға — жедел қайтару шарттарын зерделеп, «50% экспорт» критерийіне сай болу үшін құжаттарды дайындауды бастау.
Заңнамадағы өзгерістерге алдын ала дайындалған компаниялар тәуекелдерді азайтып қана қоймай, жаңа ережелерден пайда көріп, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бәсекелік артықшылыққа ие болады.