2026 жылғы 23 қазаннан бастап мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің бірінші басшыларын лауазымға қабылдау бойынша жаңа қағидалар қолданыста. Енді кандидаттар балдық жүйе бойынша бағаланады, ал әңгімелесу кезінде бір лауазымға барлық үміткерге бірдей сұрақтар қойылады. Сондай-ақ аттестация тәртібі өзгерді: алғашқы тексеріс қорытындысы бойынша басшыны енді атқарып отырған лауазымына сәйкес емес деп тануға болмайды.
Өзгерістер Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен бекітілді. Құжат мемлекеттік заңды тұлғалардың басшыларын жұмысқа қабылдау, кандидатураларды келісу және еңбек қызметін өткеру тәртібін реттейді.
Жаңа қағидалар алғашқы ресми жарияланған күнінен — 2026 жылғы 23 қазаннан бастап күшіне енді. Сонымен бірге олардың нормалары 2026 жылғы 25 шілдеден бастап тағайындауға, аттестацияға және кандидатураларды келісуге қолданылады. Осы күннен бастап 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген бұрынғы қағидалар күшін жойды.
Бұрынғы тәртіп тек мемлекеттік кәсіпорындардың басшыларына ғана қолданылса, жаңа қағидалар мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларын да қамтиды.
Жаңа қағидалар кімдерге қолданылмайды
Қағидалар келесі ұйымдардың бірінші басшыларын қабылдау кезінде қолданылмайды:
- мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекемелер;
- басшыларын Президент тағайындайтын білім беру және мәдениеттің жекелеген ұйымдары;
- мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдары;
- денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар — «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңда көзделген жағдайларда;
- Президент Әкімшілігімен, Үкіметпен немесе Премьер-Министрмен келісу арқылы басшылары тағайындалатын жекелеген мемлекеттік заңды тұлғалар.
Сонымен бірге соңғы санаттағы ұйымдарға еңбек қызметін өткеру тәртібі, оның ішінде басшыларды аттестациялау қолданылады.
Мемлекеттік кәсіпорын басшысы лауазымына конкурс қалай өтеді
Конкурс бес негізгі кезеңнен тұрады:
- Хабарландыруды жариялау.
- Құжаттарды қабылдау.
- Құжаттарды қарау.
- Әңгімелесу.
- Қорытынды шығару және конкурстық комиссияның қорытындысы.
Қосымша кезеңдерді уәкілетті мемлекеттік орган заңнамада тікелей көзделген жағдайларда ғана енгізе алады.
Конкурс туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті мемлекеттік органның және ұйымның өз сайтына орналастырылады. Егер мемлекеттік кәсіпорын басшысы лауазымы туралы болса, ақпарат сондай-ақ мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы e-qazyna.kz сайтында жарияланады.
Құжаттар хабарландыру орналастырылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады. Кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 89-бабына сәйкес бекітіледі. Хабарландыру жарияланғаннан кейін оларды өзгертуге болмайды.
Конкурсқа қатысу үшін қандай құжаттар керек
Конкурсқа құжаттарды Қазақстан азаматтары тапсыра алады. Құжаттар уәкілетті мемлекеттік органға, оның ішінде цифрлық жүйелер арқылы жіберіледі. Мемлекеттік кәсіпорын басшысы лауазымына үміткерлер құжаттарды e-qazyna.kz порталы арқылы тапсырады.
Құжаттар топтамасына мыналар кіреді:
- Қағидаларға 1-қосымшадағы нысан бойынша өтінім;
- 3 × 4 см фотосуреті бар қызметтік тізім (жұмыс берушінің мөрі болған жағдайда мөрмен куәландырылған) немесе түйіндеме және еңбек кітапшасының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
- білімі туралы құжаттардың қосымшаларымен бірге нотариалды куәландырылған көшірмелері;
- хабарландыруда көрсетілген өзге де құжаттар, соның ішінде біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар.
Қажетті мәліметтер мемлекеттік цифрлық жүйелерде қолжетімді болса, оларды үміткерден талап етуге болмайды. Ерекше жағдай — ақпаратты техникалық тұрғыдан алу мүмкін болмаған кезде.
Үміткер құжаттардың толық емес топтамасын ұсынса немесе құжаттар талаптарға сәйкес келмесе, конкурстық комиссияның хатшысы оны хабардар етеді. Кемшіліктерді бір рет түзетуге болады: құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде не ол аяқталғаннан кейінгі бір жұмыс күні ішінде.
Конкурстық комиссия үміткерлерді қалай бағалайды
Комиссияны уәкілетті мемлекеттік орган қалыптастырады. Құрамында кемінде бес адам болуы тиіс, олардың ішінде кадр қызметінің басшысы және бейінді бөлімдердің басшылары болады. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін кадр қызметі екі жұмыс күні ішінде ұсынылған материалдарды тексеріп, әңгімелесуге жіберілетіндерді айқындайды.
Әрбір лауазым бойынша комиссия кемінде он сұрақ дайындайды. Бір вакансияға үміткерлерге саны бірдей, бірдей сұрақтар қойылады. Әңгімелесу кандидат таңдаған тілде — қазақ немесе орыс тілінде өткізіледі. Қажет болған жағдайда бейнебайланыс арқылы ұйымдастырылады.
Әрбір әңгімелесу міндетті түрде бейнежазбаға түсіріледі. Жауаптар бес балдық шкала бойынша бағаланады:
| Балл | Бағалау критерийлері |
|---|---|
| 0 | Кандидат сұраққа жауап бермеді |
| 1–2 | Тақырып бойынша жалпы түсінігі бар |
| 3–4 | Тақырыпты жақсы меңгерген |
| 5 | Тақырыпты толық меңгерген |
Ең көп балл жинаған кандидат оң қорытынды алады.
Балл сомасы тең болған бірнеше үміткер болғанда алдымен конкурстың қосымша кезеңдерінің нәтижелері ескеріледі, кейін еңбек өтілі мен білімі. Бұлар да тең болса, жеңімпаз комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруімен айқындалады.
Бұрын комиссия шешімді жай көпшілік дауыспен қабылдайтын. Енді негізгі өлшем — балдық бағалау нәтижесі.
Конкурс қорытындылары көрсетілген хаттама қорытынды шығарылғаннан кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей жарияланады. Үміткерлер нәтижелер туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
Жеңімпазды тағайындау және одан арғы еңбек қатынастары Еңбек кодексімен және мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес реттеледі.
Қай жағдайларда конкурс өткізілмеген деп танылады
Конкурс өткізілмеген деп танылады, егер:
- өтінімдер түспесе немесе барлық үміткерлер өтінімдерін кері қайтарып алса;
- үміткерлердің арасында талаптарға сай келетіндер болмаса;
- комиссия бірде-бір кандидатқа оң қорытынды бермесе.
Мұндай жағдайларда қайталама конкурс жарияланады. Сонымен бірге жаңа қағидалар әңгімелесуден өткен жалғыз кандидат болса, оны тағайындауға мүмкіндік береді. Оны конкурстың қорытындылары жарияланған күннен бастап тағайындауға болады.
Бұрын белгіленген талаптарға сай келетін екіден аз кандидат қатысса, конкурс өткізілмеген деп танылатын.
Бақылау кеңесі басшының кандидатурасын қашан келісуі тиіс
Бақылау кеңесі құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда кандидатураны келісу талап етіледі. Уәкілетті мемлекеттік орган конкурстық комиссияның шешімі негізінде жеңімпаздың кандидатурасын кеңеске жолдайды. Қарауға бес жұмыс күні беріледі. Осы мерзім ішінде бақылау кеңесі кандидатураны келісуі немесе қайтаруы тиіс.
Кеңес келісуден бас тартса, конкурс қайта өткізіледі. Бір кандидатураны екі реттен артық қайтаруға болмайды.
Мемлекеттік кәсіпорын басшысының аттестациясы қалай өтеді
Мемлекеттік кәсіпорынның бірінші басшысы лауазымда үш жыл сайын аттестациядан өтуі тиіс. Тексеру тиісті мерзім басталғаннан кейін алты айдан кешіктірілмей жүргізіледі.
Аттестация өткізу туралы шешімді уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды. Комиссия құрамына құрылымдық бөлімшелердің, кадр және құқықтық қызметтердің басшылары енгізіледі. Қатысушылар саны тақ және кемінде бес адам болуы тиіс.
Алдағы аттестация туралы басшыға кемінде бір ай бұрын жазбаша хабарланады. Тексеру әңгімелесу түрінде өтеді. Комиссия кәсіпорын қызмет саласындағы заңнама, басқару және оны дамыту мәселелері бойынша сұрақтар қояды. Алғашқы аттестация қорытындысы бойынша комиссия екі шешімнің бірін қабылдайды:
- басшыны атқарып отырған лауазымына сәйкес деп тану;
- оны қайталама аттестацияға жіберу.
Осылайша, алғашқы аттестация нәтижесінде лауазымына сәйкес емес деген теріс қорытынды енді шығарылмайды. Қайталама тексеру алты айдан кейін өткізіледі. Оның қорытындысы бойынша басшы лауазымына сәйкес немесе сәйкес емес деп танылады. Соңғы жағдайда еңбек қатынастары тоқтатылады.
Егер басшы дәлелді себеппен, мысалы, денсаулығына байланысты, демалысқа шығуына немесе іссапарға баруына байланысты аттестациядан өте алмаса, тексеру ол жұмысқа шыққаннан кейін жүргізіледі.