Салық берешегі бар компаниялар 2026 ж. 1 қарашадан басшыны және заңды мекенжайды өзгерте алмайды

Қазақстанда салық берешегі бар компанияларға қойылатын шектеулер күшейтілді. 2026 жылғы қарашадан қандай тіркеу өзгерістері қолжетімсіз болатыны, берешек шегі қалай есептелетіні және өндіріп алу шаралары бизнеске және басшыларға қалай әсер етуі мүмкін екені түсіндірілді.
Компании с налоговой задолженностью

Жарияланған күні: 15 қараша 2026

2026 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанда салық берешегі бар компаниялардың тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуге шектеулер қолданылады. Егер ұйым 45 АЕК және одан көп берешекті төрт ай ішінде өтемесе, тіркеуші орган өзгерістер туралы хабарламаны орындаусыз қалдыра алады.

Шектеулер тек басшыны немесе заңды мекенжайды ауыстырумен шектелмейді. Олар сондай-ақ хабарлама тәртібімен тіркелетін өзге өзгерістерге де таралады: қызмет түрлерін түзетуден бастап бенефициар иесін ауыстыруға дейін. Жаңалық заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заңда көзделген.

Қандай берешек болғанда компания тіркеу деректеріне өзгеріс енгізе алмайды

Шектеу 45 АЕК немесе одан көп берешегі бар және ол пайда болған күннен бастап төрт ай ішінде өтелмеген компанияларға қатысты.

2026 жылы 45 АЕК шегі 194 625 теңге. Жалпы соманы есептегенде тек салық берешегі ғана емес, мына қарыздар да ескеріледі:

  • кедендік төлемдер;
  • алымдар мен баждар;
  • пайыздар;
  • өсімпұлдар.

Шектеудің негізі Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңының 14-2-бабының 10-тармағында бекітілген.

Егер ұйым белгіленген мерзімде берешекті өтемесе, тіркеуші орган электрондық хабарламаны орындаусыз қалдырады. Бұл жайында өзгерістерді тіркеуге жүгінген өтініш берушіге де хабарланады. Норма 2026 жылғы 1 шілдеден бастап заңнамада бар, бірақ оны қолдану 1 қарашадан басталады.

Төрт айлық мерзім 1 шілдеден бастап есептеледі. Сондықтан өзгерістер туралы алғашқы хабарламалар қарашадан бастап орындаусыз қалдырыла бастайды. МКК өкілінің айтуынша, бұл шектеу салық берешегі бар компанияларды баспанасы жоқ адамдарға немесе әрекетке қабілетсіз азаматтарға рәсімдеу, не өзге өңірлерге қайта тіркеу тәжірибесін тоқтату үшін енгізілді.

Салық берешегі бар компанияда қандай өзгерістерді тіркеу мүмкін болмайды

Шектеу тек директорды немесе заңды мекенжайды ауыстыруға қатысты емес. Ол хабарлама тәртібімен рәсімделетін өзгерістерге таралады.

Атап айтқанда, берешегі жоғарыдағы критерийге сай келетін компания мына өзгерістерді тіркей алмайды:

  • басшыны ауыстыру;
  • қызмет түрлерін өзгерту;
  • бенефициар иесін ауыстыру;
  • байланыс деректерін өзгерту;
  • жарғылық капиталды ұлғайту;
  • үлесті сенімгерлік басқаруға беру;
  • құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу.

Бұл ретте тіркеу қағидалары бизнестің ұйымдық-құқықтық нысанына қарай ерекшеленеді. Компаниялар басшыны ауыстыру туралы тіркеуші органға хабарлай алады. Акционерлік қоғамдарды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілері де орналасқан жерін (мекенжайын) хабарлама тәртібімен өзгерте алады.

Қосымша шарт бар: әлеуметтік төлемдер бойынша берешек компанияның өзінде емес, сол басшысына немесе құрылтайшысына тіркелген өзге ұйымның атына болса да, хабарлама орындаусыз қалдырылуы мүмкін. Сондықтан кез келген өзгерісті тіркемес бұрын бизнес өз міндеттемелерін ғана емес, сондай-ақ басшысы не құрылтайшысы арқылы байланысты басқа ұйымдардың берешегін де тексеріп алғаны жөн.

Салықтық берешегі бар компанияларға қандай өндіріп алу шаралары қолданылады

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда өндіріп алу шаралары берешек көлеміне байланысты қолданылады. Қарыз неғұрлым көп болса, салық төлеуші үшін шектеулер соғұрлым қатаң.

Берешек мөлшері Өндіріп алу шаралары
20 АЕК-ке дейін (86 500 теңге) Ескерту жіберу және өсімпұл есептеу
20 АЕК-тен жоғары Банктік шоттар мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, шоттардан ақша өндіру
45 АЕК-тен жоғары Мүлікке билік етуге шектеу қою және берешекті дебиторлар есебінен өндіріп алу

Тіркеу әрекеттеріне қатысты жаңа шектеулер күшіне енген шараларды толықтырады. Сондықтан салықтық берешек компанияның қаржылық операцияларына ғана емес, бизнес туралы деректерді уақтылы жаңартуға да әсер етуі мүмкін.

Қандай жағдайларда басшыға Қазақстаннан шығуға шектеу қойылуы мүмкін

2026 жылғы 1 шілдеден бастап борышкерлерге ықпал етудің тағы бір шарасы көзделген — Қазақстаннан шығу құқығын уақытша шектеу. Ол заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын адамдарға қолданылуы мүмкін.

Шектеуді енгізу үшін мына шарттар бір мезетте орындалуға тиіс:

  • берешек 27 000 АЕК-тен асады — 2026 жылы бұл 116 775 000 теңге;
  • қарыз үш айдан астам уақыт өтелмеген;
  • салық төлеушіге өндіріп алу шаралары бұрыннан қолданылған.

Шығуға шектеу тек сот санкциясымен енгізіледі.

Салық берешегі бар бизнес нені ескеруі керек

2026 жылғы 1 қарашадан бастап төрт ай ішінде өтелмеген 45 АЕК-тен басталатын салық берешегі компаниядағы бірқатар өзгерістерді тіркеуге кедергі болады. Шектеу тек директорды немесе заңды мекенжайды ауыстыруға емес, хабарлама тәртібімен рәсімделетін өзге әрекеттерге де таралады.

Сондықтан компаниялар бюджетпен есеп айырысудың жай-күйін тұрақты бақылап, берешекті уақтылы өтеуге және байланысты ұйымдардың міндеттемелерін ескеруге тиіс. Әсіресе тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу жөніндегі хабарламаларды берердің алдында қарыздарды мұқият тексеріңіз. Енді салық берешегі бизнес шоттары мен мүлкіне ғана емес, компания туралы мәліметтерді өзгерту мүмкіндігіне де әсер етеді.

Бухгалтерлік есепті жүргізу, берешекті бақылау және есеп тапсыру 1С шешімдерінде ыңғайлы. «1С:Бухгалтерия для Казахстана» қызметіне тегін кезеңді қосып, бағдарламаның мүмкіндіктерін өз деректеріңізбен сынап көріңіз.

0 0 дауыс
Рейтинг
0 пікірлер
Алғашқылары Сортировка
Жаңалары Танымалдар
Мәтін аралық кері байланыс
Барлық пікірлерді қарау
Написать в WhatsApp