Қазақстан Республикасының заңнамасында «бизнесті бөлшектеу» термині ресми бекітілмегеніне қарамастан, қадағалаушы органдар салықтық жүктемені жасанды түрде төмендетуге бағытталған схемаларды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Формалды түрде салық органдары тек бөлшектеуге күдік негізінде ғана тексеруді бастай алмайды. Мұны кәсіпкерлер жиі өз пайдасына жорытып, тікелей тыйымның жоқтығын өз мүддесіне пайдаланады.
Көбіне кәсіпкерлер қызметін бірнеше заңды тұлғаға бөліп, бірнеше ЖШС немесе ЖК тіркейді. Бұл қолайлы салық жағдайларын сақтауға, ҚҚС төлеуші мәртебесіне өтпеуге, әлеуметтік төлемдерді азайтуға және салықтық тексерулер ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді. Дегенмен салық қызметі мұндай әрекеттерді салықтық міндеттемелерді әдейі төмендету ретінде бағалауы мүмкін.
Қазақстанда салық органдары бизнесті бөлшектеуді қалай анықтайды
Бизнесті жасанды түрде бөлшектеу фактісін айқындау үшін салық инспекторлары мынадай белгілерді талдайды:
- бірдей мекенжайды, байланыс деректерін, сайтты және өзге де мәліметтерді пайдалану;
- ортақ қызметкерлер құрамы, бухгалтерия, заңгерлер және мүлік болуы;
- ортақ қызмет саласы (ЭҚЖЖ) және бір басшы;
- іскер серіктестердің және күмәнді қаржы ағындарының сәйкес келуі;
- жеңілдіктері бар салық режимдерін жүйелі қолдану;
- есептілікті бір IP-адрестен жіберу;
- жаңа ЖК тіркеу немесе ЖШС-ті туыстардың не қызметкерлердің атына тіркеу, ал іс жүзінде сол компанияда жұмысын жалғастыру.
Сондай-ақ мұндай схемаларды анықтаудың жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Солардың бірі — БКМ қолдануға қойылатын талаптарды күшейту: енді барлық кассалық операциялар жасалғаннан кейін бір сағат ішінде салық жүйесінде тіркелуі тиіс.
Салықтық тексеріс тәуекелін қалай азайтуға болады
Бизнеске салық органдары тарапынан шағым тәуекелін болдырмау үшін ұйымдық құрылымына алдын ала аудит жүргізген жөн. Маңыздысы — тіркелген ЖК мен ЖШС арасында өзара байланыстардың бар-жоғын тексеру, әсіресе олар туыстардың немесе қызметкерлердің атына рәсімделген болса.
Егер бірнеше компания іс жүзінде бірін-бірі қайталаса, оларды біріктіру немесе функцияларды қайта бөлу мүмкіндігін қарастырыңыз. Ал қызметті бөлек жүргізу шынымен негізді болса, әр құрылымның тәуелсіздігін растау үшін құжаттарды алдын ала дайындау қажет. Ұйымдардың өз басқару үлгілері болып, қаржылық тұрғыдан дербес болуы тиіс.
Сондай-ақ қолданылып жүрген салық режимдерін қайта қарастыру ұсынылады — мүмкін, тиімді әрі қауіпсіздеу нұсқалар бар.
Отбасылық бизнес аясындағы туыстық байланыстардың болуының өзі ғана бөлшектеудің немесе заңсыз оңтайландырудың дәлелі емес. Алайда күдік туған жағдайда компаниялардың бөлек жұмыс істеуінің ашықтығы мен құжаттық қорғалуын қамтамасыз ету маңызды.
Салық органдары тарапынан күдік тумауы үшін, компания құрылымын сауатты құрып, барлық процесстердің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Төменде бірнеше негізгі ұсыным:
- Барлық бизнес-процестерді бөлек ұйымдар арасында нақты бөліңіз.
- Әр компания үшін дербес басқару буындарын қалыптастырыңыз.
- Материалдық та, кадрлық та ресурстарды ЖШС, ЖК және өзге бөлімшелер арасында айқын ажыратыңыз.
- Әр заңды құрылым үшін бухгалтерлік және кадрлық есепті бөлек жүргізіңіз.
- Жеке маркетингтік стратегиялар әзірлеп, өзіндік брендтер жасаңыз.
- Қызметті бөлудің экономикалық негізділігін дәлелдейтін құжаттарды дайындап, ресімдеңіз.
Қадағалаушы органдардың күшейген назарында барлық іскерлік ақпаратты қорғалған әрі тұрақты сақтау ерекше маңызды. Тиімді құралдардың бірі — 1С бұлттық шешімдері.
Тәжірибеден мысал
Компания балаларға арналған ойын жабдықтарын өндірді. Салықты үнемдеу үшін бизнесті үш бөлек құрылымға бөлді. Салықтық тексеру барысында салықтық преференциялар алу мақсатында бизнесті жасанды бөлшектеу сызбасы анықталды.
Салық қызметі мынадай бөлшектеу белгілерін анықтады:
- Бір брендті, бір сайтты және бір IP-адрестерді пайдалану.
- Ортақ бухгалтерия және кадрлық басқару.
- Ортақ өндірістік қуаттар мен ресурстар.
- Тапсырыстан бастап жөнелтуге дейінгі барлық кезеңді қамтитын үздіксіз өндірістік цикл.
- Қолданылатын салық режимдеріне қарай қарсы тараптарды заңды тұлғалар арасында мақсатты бөлу.
Шешімді сотта даулауға жасалған әрекеттер нәтижесіз болды. Барлық үш инстанция салық қызметінің ұстанымын қолдады. Нәтижесінде шамамен 10 млн ₸ көлемінде қосымша салық есептеліп, бизнеске қаржылық жауапкершілік көтеруге тура келді.
Бұл мысал компания заңсыз бөлшектеу схемаларын қолданды деген күдік туған кезде салық органдары бизнестің құрылымын қаншалықты терең талдай алатынын айқын көрсетеді. Сондықтан тексеруші инстанциялар күмәнданбайтындай, заңдық және экономикалық тұрғыдан негізделген бизнес-модельді алдын ала құру өте маңызды. Қауіпті салықтық схемалар айыппұлдар мен қосымша есептеулерден бөлек, барлық қатысушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға да әкелуі мүмкін.