Әрбір бизнес иесі тұрақты өсім мен жақсы табысқа ұмтылады. Алайда қолайлы бастамаға қарамастан, компания еңсеруі қиын қиындықтарға тап болуы мүмкін. Әлеуеті мықты идеялар жиі проблемалар «батпағында» жоғалып кетеді. Төменде бизнестің дамуы тоқтап қалуына әкелетін бес негізгі себепті жинақтадық.
1 — себеп. Экономикалық ахуал
Қаржылық тұрақсыздық компанияның өсуіне елеулі ықпал етеді. Ұйымдар бірқатар қиындықтарға тап болуы мүмкін.
1. Экономикалық дағдарыстар
Халық табысының төмендеуі тұтынушылық шығындардың қысқаруына әкеледі. Соның салдарынан сұраныс, сатылым және тиісінше бизнестің табысы азаяды.
2. Валюталық тәуекелдер
Импортпен жұмыс істейтін компаниялар валюта бағамының ауытқуына тәуелді. Валюта қымбаттаса, өзіндік құн мен өнім бағасы өседі.
3. Маусымдық және нарықтық ауытқулар
Әр салада өз циклдері бар. Белгілі бір тауарға не қызметке сұраныс төмендеген кезде, бизнес-моделін дер уақытында қайта құру болмаса, компания нарықтағы үлесін жоғалтады.
4. Кенеттен болған жаһандық оқиғалар
Дағдарыстар немесе санкциялар туындатқан тұрақсыздық компаниядан жедел бейімделуді талап етеді. Әйтпесе теріс факторлар бизнестің өсімін баяулатып, компания ресурсын қалпына келтіруге жұмсауға мәжбүр болады.
Экономикалық факторларды елемеу даму қарқынын жоғалтуға және табыстың төмендеуіне соқтырады. Сондықтан бизнес нарықты бақылап, уақтылы бейімделуі маңызды.
2 — себеп. Басқарушылық қателіктер
Көбіне тоқырау сыртқы жағдайларға емес, кәсіпкерлердің өз шешімдеріндегі қателіктерге байланысты туындайды. Ең жиі жіберілетін қателіктер мыналар:
1. Өзгерістен бас тарту
Кейбір басшылар заманауи технологияларды енгізбей, бизнеске деген көзқарасын өзгертпей, ескі әдістерді қасарыса ұстанады.
2. Стратегияның болмауы
Айқын іс-қимыл жоспары мен ықтимал тәуекелдерді бағалау жоқ жерде бизнес орынсыз шығындарға және реалистік емес мақсаттарға ұрынады.
3. Шамадан тыс күтулер
Көпшілік табысты бизнесті құру ұзақ процесс екенін ескермей, бірден нәтижені күтеді. Мұндай үміт ақталмағанда, мотивация төмендейді.
4. Командаға сенімсіздік
Кәсіпкер барлығын өзі атқарып, тапсырмаларды бөліп бермесе, шамадан тыс жүктеме пайда болып, тиімділік төмендейді. Корпоративтік құрылым да зардап шегеді.
Басқарудағы қателіктерді компания қызметін тұрақты талдап, даму бағытын дер кезінде түзетсе, алдын алуға болады.
3 — себеп. Ішкі тосқауылдар
Сыртқы қысым болмаса да, ішкі қайшылықтар бизнесті тұсаулауы мүмкін. Мысалы, дамуға жиі кедергі келтіретіндер:
1. Қызметкерлердің қатысу деңгейінің төмендігі
Команданың мотивациясы мен ортақ мақсаты болмаса, әркім өз бетінше жұмыс істейді. Бұл компанияның жалпы дамуын тежейді.
2. Масштабтауға дайын болмау
Бизнес жаңа деңгейге шыққанда, мысалы, тауарды немесе қызметті бір қаламен шектелмей, бүкіл облысқа ұсынғанда, заманауи жабдық, қаржылық ресурстар және дұрыс жолға қойылған логистика қажет. Осылардың болмауы компанияның өсуіне кедергі жасайды.
3. Коммуникацияның әлсіздігі
Команда ішіндегі байланыс жеткіліксіз болса, түсінбеушілік көбейіп, тиімділік төмендейді.
4. Шешім қабылдаудағы батылсыздық
Басты шешімдерден тайсақтау компанияның қозғалысын баяулатады. Нарық жағдайында жеделдік пен тәуекелге дайындық қажет.
5. Бизнес-процестердің дұрыс жолға қойылмауы
Есептегі қателер, тапсырыстардың ұзақ орындалуы немесе клиенттерге қызмет көрсетудің тиімсіздігі — мұның бәрі сенімділік пен бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді.
Ішкі мәселелерді жою жүйелі тәсілді талап етеді, бірақ дәл осы қадам өсім мен өрлеуге жол ашады.
4 — себеп. Қаржылық қателіктер
Қаржылық тұрақтылық — кез келген бизнестің негізі. Ақша ағымын басқарудағы қателіктер тіпті орныққан компанияны да тығырыққа тіреуі мүмкін.
1. Негізсіз шығындар
Артық шығындар жарнамаға не сатып алуға кетсе, бизнес айналым қаражатынан қағылуы мүмкін. Әсіресе жеке және корпоративтік қаржыны араластыру қауіпті.
2. Бюджеттің болмауы
Кіріс пен шығысқа арналған айқын жоспарсыз компаниялар қаражатты бақылаудан шығарып, қарызға батып, ағымдағы міндеттерді орындай алмайды.
3. Резервтік қордың болмауы
Кез келген сәтте форс-мажор болуы мүмкін. Резервтік қор жоқ болса, болмашы мәселенің өзі қатерлі салдар әкелуі ықтимал.
4. Қарыз қаржыны орынсыз пайдалану
Несие сауатсыз басқарылса, қарыз тұзағына айналып, өсімді тежейді әрі қаржылық жағдайды нашарлатады.
5. Есептің жүргізілмеуі
Қаржыны дәл бақылау болмаған жағдайда, қай бағыт табыс әкелетінін, қайсысы — шығынға батыратынын түсіну мүмкін емес. Қаржылық тәртіп пен сауатты жоспарлау — бизнестің тұрақтылығы мен өсуінің кілті.
5 — себеп. Клиенттерді елемеу
Бизнес клиенттер үшін бар, керісінше емес. Нысаналы аудиториямен жұмыстағы қателіктер бедел мен табыстан айыруы мүмкін.
1. Нысаналы аудиторияны түсінбеу
Клиенттердің қажеттіліктерін түсінбей, компания сұраныс жоқ өнім шығару қаупіне барады.
2. Кері байланысты жинаудан бас тарту
Пікірлер өнімнің күшті және әлсіз тұстарын анықтауға көмектеседі. Онсыз компания жетіле алмайды.
3. Икемсіздік
Клиенттердің қажеттіліктері үнемі өзгеріп отырады. Бизнес бейімделмесе, бәсекелік артықшылықтарын жоғалтады.
4. Қызмет көрсетудің нашарлығы
Өнім сапалы болғанның өзінде, клиент селқостықты сезінсе, жағдай түзелмейді. Нашар сервис клиенттерді алыстатады.
Клиентке бағытталу — жай ғана тренд емес, тұрақты өсім мен адалдықтың кепілі.
Қорытынды: бизнестің тоқырауы неге туындайды
Демек, жобалардың тұйыққа тірелуінің негізгі себептері:
- экономикалық ахуалдың ықпалы;
- басқарушылық қателіктер;
- бизнестегі ішкі мәселелер;
- қаржыны тиімсіз басқару;
- клиенттерді елемеу.
Бизнес дамуы үшін өзгерістерге икемді жауап беру, клиентке мұқият болу, қаржыны жүйелі түрде басқару және ішкі тосқауылдарды жою маңызды. Тек кешенді көзқарас тоқыраудан сақтап, алға жылжуға мүмкіндік береді.