Қызметкерлер жұмыс берушілерге қалай манипуляция жасайды және бұған қалай қарсы тұруға болады

Қызметкерлер тарапынан болатын қысымды қалай тануға болады? Осы мақалада қызметкерлердің жұмыс берушілерге қалай манипуляция жасайтынын түсіндіріп, жағдайды бақылауда ұстауға көмектесетін тиімді тәсілдерді талдадық.
Как сотрудники манипулируют работодателями и как этому противостоять

Жарияланған күні: 13 наурыз 2025

Қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы берік еңбек қатынастары өзара құрметке негізделеді. Дегенмен, кейде қызметкерлер жүктемені азайтуға немесе қосымша артықшылықтар алуға тырысып, манипуляцияға барады. Бұл жұмыс үдерісіне және командадағы ахуалға теріс әсер етуі мүмкін. Қызметкерлердің жұмыс берушілерге ықпал ету үшін жиі қолданатын тәсілдерін қарастырайық.

Манипуляция «Менде жұмыс тым көп»

Бұл тәсіл қызметкерлерге жаңа тапсырмадан жалтаруға мүмкіндік береді. Олар өзінде жұмыстың тым көп екенін, кез келген қосымша тапсырма өнімділігіне кері әсер ететінін айтады.

Сол себепті басшы қызметкер шынымен шамадан тыс жүктелген деген ойға қалуы мүмкін. Алайда көбіне бұл — жаңа міндет алғысы келмеудің белгісі ғана.

Манипуляциядан қалай сақтануға болады?

  • Міндеттерді нақты бөліңіз. Қызметкер жүктеменің көптігіне шағымданса, қолдағы ағымдағы істерінің тізімін сұраңыз. Бұл оның нақты жүктемесін объективті бағалауға көмектеседі.
  • Орындалған жұмыс туралы есептерді қолданыңыз. Сол арқылы маманның шынында жүктемесі көп пе, әлде жаңа тапсырмадан қашып жүр ме — соны аңғаруға болады.
  • Жоспарлау жүйесін енгізіңіз. Күнтізбелер мен жоспарлағыштарды, сондай-ақ есепке алу бағдарламаларын пайдалану тапсырмаларды бөлуге және орындалуын бақылауға көмектеседі.
  • Жұмыс үдерістерін талдаңыз. Мәселе тапсырма көлемінде емес, оларды тиімсіз орындауда болуы мүмкін. Ықтимал жақсартуларды анықтау үшін қызметкерлермен сөйлесіңіз.

Қызметкерлерді қолдау мен олардың жүктемесін объектив бағалау арасындағы тепе-теңдікті сақтаңыз, сонда манипуляцияға бой алдырмайсыз. Процестер мен кезеңдерді дәлірек жоспарлау үшін жұмысыңызға жол карталарын енгізіп көріңіз.

Манипуляция «Менсіз компания тұралап қалады»

Бұл тактиканың мәні — белгілі бір қызметкерсіз компания не бөлім тиімді жұмыс істей алмайды деген әсер қалдыру.

Қызметкер жұмыстағы орнын бекіте түсу, жұмыстан шығарудан сақтану немесе мансаптық өсімге қол жеткізу үшін мынадай айлаларды қолданады:

  • өзінің ауыстырылмайтынын үнемі алға тартады;
  • маңызды ақпаратты өзінде ұстап, әріптестерімен бөліспейді;
  • белгілі бір тапсырманы тек өзі ғана орындай алады деген иллюзия қалыптастырады.

Манипуляцияға қалай қарсы тұруға болады?

  • Ашықтық мәдениетін дамытыңыз. Жұмыс үдерістері барлық қызметкерге түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс.
  • Құжат айналымын автоматтандырыңыз. Барлық маңызды дерек пен рәсім құжатталып, командадағы кез келген адам пайдалана алатын болуы керек.
  • Қызметкерлерді оқытыңыз. Тұрақты тренингтер мен ішкі білім алмасу жауапкершілікті әділ бөлуді қамтамасыз етеді.
  • Әркімнің үлесін талқылап отырыңыз. Ұжымдағы барлық адамның еңбегі маңызды екенін тұрақты түрде атап өтіңіз.

Міндеттерді дұрыс бөлу бір қызметкерге тәуелділікті болдырмай, салауатты жұмыс атмосферасын сақтауға көмектеседі.

Манипуляция «Эмоциялық шантаж»

Қызметкер жұмыс берушіге эмоция арқылы әсер етуге тырысады: аяушылық, жанашырлық немесе рақымшылық күтеді. Жеңілдіктер алу үшін жеке қиындықтарын жиі алға тартуы мүмкін.

Шынайы қолдау қажет болатын жағдайлар мен міндетінен жалтаруға бағытталған манипуляцияны айыра білу маңызды.

Манипуляцияға қалай қарсы тұруға болады?

  • Жеке мәселелерді жұмыстан бөліңіз. Қызметкердің жеке өмірі мен қызметтік міндеттері арасындағы шекті айқындаңыз.
  • Жұмысты нәтижеге қарай бағалаңыз. Айтылған сөзге емес, нақты тиімділік көрсеткіштеріне сүйеніңіз.
  • Қолдау ұсыныңыз. Қызметкерде расымен қиындықтар болса, икемді кесте немесе уақытша жүктемені азайту мүмкіндігін қарастырыңыз.
  • Жағдайды талқылаңыз. Бұл мәселенің расында бар-жоғын анықтауға, әлде алдыңызда манипуляция тұрғанын білуге көмектеседі.

Шектердің айқын болуы және кәсібилікке басымдық беру басшыға эмоциялық шантажға еріп кетпеуге көмектеседі.

Манипуляция «Ұжымдық қысым»

Жеке қызметкер не қызметкерлер тобы өз талаптары бүкіл ұжымның пікірін білдіретіндей әсер қалдырады. Бұл басшылыққа ықпал ету үшін қолданылады.

Мұндайда жиі айтылатын тіркестер: «Бәрі де солай ойлайды», «Бүкіл команда наразы» және т.б. Шын мәнінде олай болмаса да, жаппай наразылық сезімін тудырады.

Манипуляциядан қалай сақтануға болады?

  • Әрқайсымен жеке сөйлесіңіз. Жеке әңгіме қызметкерлердің шын ой-пікірі қандай екенін білуге көмектеседі.
  • Шешім қабылдауға асықпаңыз. Қысымға ерік бермей тұрып, жағдайды талдаңыз.
  • Мәселені ашық талқылаңыз. Ұсыныстарды тыңдауға дайын екеніңізді айтыңыз, бірақ шешімдер объектив деректерге сүйеніп қабылданатынын түсіндіріңіз.
  • Корпоративтік мәдениетті қолдаңыз. Тұрақты жиналыстар мен ашық коммуникация мұндай манипуляциялардың алдын алады.

Басшы айқын ойлап, әр адамға жеке көзқарас танытса, мұндай манипуляциялар тиімділігін жоғалтады.

Манипуляция «Әділетсіздікке айыптау»

Қызметкер басшылықтың шешімдерін әділетсіз етіп көрсету арқылы жауапкершіліктен қашуға, төмен нәтижені ақтауға немесе артықшылық алуға тырысады.

Көбіне айтылатын сөздер: «Мені мұнда бағаламайды», «Басшылық әділетсіз шешімдер қабылдайды». Мұндай жағдай басшыны қиын күйге қалдырады: не өзін ақтауы керек, не команданың сенімінен айырылу қаупі бар.

Манипуляцияға қалай қарсы тұруға болады?

  • Жағдайды талдаңыз. Реакция білдірмес бұрын айыптаулардың негізді екеніне көз жеткізіңіз.
  • Мәселені ашық талқылаңыз. Қызметкерден неліктен жағдайды әділетсіз деп санайтынын түсіндіріп беруін сұраңыз.
  • Бағалау критерийлерін айқын белгілеңіз. Шешімдер қандай негізде қабылданатынын қызметкерлер түсінсе, біржақтылық туралы айып азаяды.
  • Шешімдеріңізді түсіндіріңіз. Кейде қызметкерлер жағдайдың тек бір бөлігін көреді. Әңгіме артық түсініспеушілікті жояды.

Компанияда шешім қабылдаудың ашық жүйесі болса, мұндай манипуляцияның мәні болмайды.

Қызметкерлер жұмыс берушілерге қалай манипуляция жасайды: қорытынды

Қызметкерлердің манипуляциясы — әрбір басшы кездесетін сын-қатер. Салауатты жұмыс ортасын сақтау үшін мұндай тактикаларды дер кезінде танып, дұрыс әрекет еткен маңызды.

Міндеттерді нақты бөлу, үдерістердің ашықтығы және объектив бағалау өлшемдері манипуляция ықтималдығын азайтып, әр қызметкер өзін командадағы құнды мүше ретінде сезінетін орта қалыптастырады.

0 0 дауыс
Рейтинг
0 пікірлер
Алғашқылары Сортировка
Жаңалары Танымалдар
Мәтін аралық кері байланыс
Барлық пікірлерді қарау
Написать в WhatsApp