Жеткізушілермен есеп айырысуда қалай үнемдеуге болады

Бизнесте сатып алуға жұмсалатын шығындарды азайтып, сонымен бірге жеткізілімнің сапасы мен мерзімін сақтаудың әмбебап тәсілі жоқ. Шығындарды оңтайландырып, жеткізушілермен есеп айырысуда үнемдеуге көмектесетін негізгі тетіктерді қарастырдық.
Как сэкономить на расчетах с поставщиками

Жарияланған күні: 12 тамыз 2025

Тауарларды санаттау

Сатып алуды ең қолайлысы санат бойынша жоспарлау: ет, сүт өнімдері, сусындар, қаптама. Бір жеткізушіде ет арзанырақ, ал сүт өнімдері — нарық бағасынан жоғары болуы мүмкін. Мұндайда сатып алуды санаттарға бөліп, бірнеше серіктеспен жұмыс істеген дұрыс.

Бөлудің арқасында жеткізілім көлемі мен жиілігін реттеуге болады. Мысалы, кофехана дәнді бір айға, сүтті — апта сайын, нан-тоқаш өнімдерін — күн сайын сатып алады. Мұндай кесте өнімнің бүлінуінің алдын алуға, тиісінше қаржылық шығындарды болдырмауға көмектеседі.

Кейде бір жеткізушіге шоғырланған тиімдірек. Мысалы, сіз одан сүт өнімдерін алып жүрсіз, әрі ол нан-тоқаш өнімдерін де жеңілдікпен ұсына алады. Жиынтық тапсырыс түптің түбінде арзанға түседі. Қосымша бонустар — белгілі бір көлемде тегін жеткізу немесе жинақтық жеңілдіктер.

Тауардың бағасын ғана емес, жеткізу, сақтау шығындарын және ықтимал бонустарды да ескерген жөн. Ұсыныстарды салыстырып, шарттарды әр 3–6 ай сайын қайта қарап отырыңыз, себебі бағалар маусымға тәуелді.

Өндірушіден тікелей сатып алу

Тікелей жеткізілімдер сақтау мен логистика шығындарын өтейтін ірі көлемдерде тиімді. Мысалы, дәнді бір айға сатып алу өзіндік құнын 15–20%-ға төмендетуі мүмкін.

Алайда бұл нұсқа инфрақұрылымды қажет етеді — қоймалар, тоңазытқыштар, мұздатқыштар. Жабдықты сатып алу немесе жалға алу керек болса, үнем қанша айда шығынды жабатынын есептеген дұрыс.

Тікелей сатып алу тек сұраныс тұрақты болғанда жұмыс істейді. Клиент ағыны құбылып тұрса, артық қалдық қалып немесе делдалдардан жедел сатып алуға тура келуі мүмкін. Барлық шығындарды ескере отырып, бірлік тауардың нақты өзіндік құнын есепке алу бағдарламалары арқылы есептеңіз. Кейде делдалдар анағұрлым тиімді болады.

Бірлескен сатып алу

Шағын компаниялар бірігіп, қажетті өнімді бірге сатып ала алады, бұл көтерме бағаларды алуға және жеткізу шығындарын бөлісуге мүмкіндік береді. Ол үшін өтінімдерді жинап, жеткізушімен келіссөз жүргізетін үйлестіруші қажет. Міндеттер нақты бөлінген ортақ шарт жасасуға болады.

Бекітілген бағамен жұмыс істеу

Бағаны 3–6 айға бекіту инфляция мен нарықтағы күрт ауытқулардан қорғайды. Бұл жеткізушіде тұрақты клиент бар екенін, ал бизнесте — болжамды бюджет болатынын білдіреді.

Шартта бағаларды, қолданылу мерзімін және жеткізу шарттарын міндетті түрде бекітіңіз.

Бартер

Компания өзі тауар шығаратын немесе қызмет көрсететін болса, өзара есеп айырысуды қолдануға болады. Мысалы, кафе баспахананың полиграфиялық қызметтерін төлеу ретінде тамақтану сертификаттарын бере алады.

Шартта қолданылу мерзімін, құн эквивалентін және тапсыру тәртібін нақты көрсету маңызды.

Жедел төлем

Кейбір жеткізушілер тиеп-жөнелтуге дейін немесе сол күні төлесеңіз, жеңілдік береді. Мұндай жағдайда овердрафт немесе қысқа мерзімді несие тартуға болады.

Мысал:

  • Тапсырыс құны — 800 000 ₸. 5% жеңілдікпен баға 760 000 ₸ болады.
  • Айына 2% мөлшерлемемен қарыз алсаңыз, қайтарымы 775 200 ₸ болады.
  • Үнем — 24 800 ₸.

Ал несие пайызы жеңілдіктен жоғары болса, пайда болмайды.

Ең төмен баға маусымында сатып алу

Көптеген өнімдер жылдың белгілі бір уақытында арзандайды. Егер сақтау мерзімі мүмкіндік берсе, осы кезеңде сатып алу айтарлықтай үнем береді. Мысалы, қант пен жарманы күзде, бағалар килограмына 100–200 ₸-ге төмен болған кезде сатып алуға болады.

Кэшбэк беретін бизнес-карталарды пайдалану

Кейбір банктердің корпоративтік карталары кэшбэк немесе серіктестік жеңілдіктер береді. Үлкен көлемдерде бұл нақты шығындарды едәуір төмендетеді.

Қорытынды

Жеткізушілермен есеп айырысудағы үнем көптеген факторларға байланысты: көлемдерге, жеткізу шарттарына, маусымдылыққа, ынтымақтастық форматына. Әмбебап тәсіл жоқ. Алайда тұрақты талдау, шарттарды қайта қарап отыру және толық құнды дәл есептеу шынымен тиімді шешімдерді табуға мүмкіндік береді.

0 0 дауыс
Рейтинг
0 пікірлер
Алғашқылары Сортировка
Жаңалары Танымалдар
Мәтін аралық кері байланыс
Барлық пікірлерді қарау