Жалпы қағидалар: 2026 жылы ЭШФ қашан рәсімделмейді
ҚР Салық кодексінің 491-бабы 2-тармағына сәйкес, осы баптың 3-тармағында өзгеше көзделмесе, шот-фактура жазып беру төмендегі жағдайларда талап етілмейді.
Тауарлар, жұмыстар, қызметтер өткізілген кезде ЭШФ рәсімделмейді, егер есеп айырысу мынадай түрде жүргізілсе:
- сатып алушыға бақылау-касса машинасының (БКМ) чегі берілген және (немесе) қызметтерді төлеу терминалдары арқылы төлем жасалған жағдайда;
- сатып алушыға арнайы мобильді қосымшадан чек берілген кезде. Сонымен қатар, сатып алушы талап еткен жағдайда, мұндай чекте тауарлар, жұмыстар, қызметтердің сатып алушысының сәйкестендіру нөмірі көрсетілуі тиіс;
- тауарлар, жұмыстар, қызметтер жеке тұлғаларға өткізілген кезде электрондық ақша немесе электрондық төлем құралдары арқылы төлем жасалғанда.
Яғни, дұрыс рәсімделген БКМ чегі, мобильді қосымшадағы чек бар болса немесе төлем электрондық тәсілдермен жасалса, ЭШФ жазып беру міндетті емес.
Жеке тұлғаларға және микрокәсіпкерлік субъектілеріне сату
ҚР Салық кодексінің 491-бабы 3-тармағында ҚҚС төлеушілер үшін де шот-фактура талап етілмейтін қосымша жағдайлар белгіленген.
ҚР СК-нің 208-бабы 1-тармағының 8)–10) тармақшаларында көрсетілген тауарларды өткізу кезінде ЭШФ жазып берілмейді:
- сатып алынған тауарларды жеке, отбасылық, үй шаруашылығы немесе кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ өзге де мақсаттарға пайдаланатын жеке тұлғаларға (түпкілікті тұтыну);
- микрокәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жеке немесе заңды тұлғаларға.
Сәйкесінше, түпкілікті тұтынуға арналған тауарларды жеке тұлғаларға не микрокәсіпкерлік субъектілеріне сатқанда ЭШФ ресімдеу міндеті болмайды.
2026 жылы ЭШФ қашан міндетті түрде жазылады
Маңызды: ҚР Салық кодексінің 491-бабы 4-тармағына сай, егер сатып алушы электрондық шот-фактураны талап етсе, сатушы айналым жасалған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде ЭШФ-ны ресімдеуге міндетті.
Бұл талап есеп айырысу түріне де, сатып алушы санатына да қарамастан қолданылады.
Қорытынды
2026 жылы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өткізу кезінде мына жағдайларда ЭШФ жазып беру талап етілмейді:
- есеп айырысу қолма-қол ақшамен жүргізіліп, БКМ чегі берілсе;
- төлем төлем карточкалары немесе электрондық ақша арқылы жасалса;
- сатып алушыға арнайы мобильді қосымшадан чек берілсе;
- тауарлар жеке тұлғалар тарапынан кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ жеке, отбасылық немесе үй шаруашылығы мақсаттарына сатып алынса;
- сатып алушы микрокәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жеке не заңды тұлға болса.
Егер сату бөлшек сауда шеңберінде жүргізіліп, аталған шарттар сақталса, жеке тұлғаларға электрондық шот-фактураны жазып беру міндетті емес. Ерекше жағдай — Салық кодексінде белгіленген мерзімде ЭШФ беруді сатып алушының талап етуі.