Өз ісін бастау — тек батылдықты емес, дайындықты да талап ететін маңызды қадам. Бастапқыда кәсіпкерлер шығындарды дұрыс жоспарламау, жеке және бизнес қаржысын араластыру, маркетингті бағаламау не құқықтық мәселелерді кейінге қалдыру сияқты ортақ қиындықтарға жиі тап болады.
Қате 1. Жоспарсыз және қаржылық модельсіз бастау
Ынта мен идеяңызға деген сенім жобаны іске қосуға көмектеседі. Алайда жоспарсыз болса, әлеуеті бар бизнестің өзі де тез қиындыққа тап болуы мүмкін. Кәсіпкер жұмысын жүйесіз жүргізіп, нақты мақсат қоймаса, нәтижені бағалап, істі қай бағытта дамыту керегін түсіну қиындайды.
Бұл қалай байқалады
Кәсіпкерде маңызды сұрақтарға нақты жауап жоқ: оның мақсатты аудиториясы кім, қандай сату көлемінде жоба нөлдік рентабельдікке шығады, алты айдан кейін қандай пайда күтуге болады. Нәтижесінде шығындар табыстан асып кетуі мүмкін, ал келесі қадамдарды деректерсіз жоспарлауға тура келеді.
Қалай болдырмауға болады
Ең алдымен қарапайым бизнес-жоспар жасаңыз. Жобаның мақсаттарын белгілеңіз, бәсекелестерді зерделеңіз, сату жоспарын айқындап, шығындарды болжап көріңіз. Мұндай құжат жағдайды бағалап, келесі қадамдарды таңдауға көмектеседі. Бұдан бөлек, банкке қаржыландыру сұрап барғанда, бизнесті дамыту үшін бизнес-жоспар қажет.
Қате 2. Жеке және бизнес қаржысын араластыру
Офис жалдау ақысын төлеу, тауар сатып алу және мердігерлермен есеп айырысуды жеке банктік карта арқылы жасау алғашында ыңғайлы көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде бұл есепті қиындатып, бизнестің қаржылық жай-күйін бақылауға кедергі келтіреді.
Несімен қауіпті
Жеке қаражат пен компания ақшасы бөлінбесе, кәсіпкерге нақты пайдасын анықтау, ақша қозғалысын қадағалау және салықты дұрыс есептеу қиын. Соның салдарынан бизнес шын мәнінде қанша табыс әкелетінін және қандай шығын туындайтынын түсіну қиындайды.
Түсініксіздікті болдырмау үшін бизнес тіркелгеннен кейін бөлек есеп айырысу шотын ашып, оны кәсіпкерлік операцияларға пайдаланыңыз. 1С шешімдерін пайдаланыңыз: осы БҚ арқылы компанияда бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізіп, төлемдерді рәсімдеу мен есептілікті дайындауда қателердің алдын аласыз.
Қате 3. Маркетингті елемеу
Сапалы өнім де әлеуетті клиенттер ол туралы білмесе, сатылымды қамтамасыз етпейді. «Жақсы тауар өз-өзін сатады» деген үміт бизнеске алғашқы сатып алушыларды табуға және нарықта орнығуға жиі кедергі келтіреді.
Шағын бюджетпен бизнесті қалай ілгерілету
Алғашқы кезеңде жарнамаға көп қаржы құюдың қажеті жоқ. Қолжетімді құралдарды қолдануға болады:
- әлеуметтік желілерде компания парақшаларын жүргізіп, өнімдер туралы айту;
- жергілікті жәрмеңкелер мен іс-шараларға қатысу;
- басқа компаниялармен серіктестік бағдарламаларды іске қосу.
Маңыздысы — бір рет қана хабарлап қою емес, аудиторияға ұсынысыңыз туралы тұрақты түрде айтып, қызығушылықты сақтап отыру.
Қате 4. Бәрін өзіңіз атқару
Бастапқыда кәсіпкер көбіне бірнеше рөлді қатар алып жүреді: бухгалтерия жүргізеді, маркетингпен айналысады, тауар сатады және жеткізуді ұйымдастырады. Алайда барлық үдерісті үнемі өзі бақыласа, бизнесті дамытуға уақыт та, күш те жетпей қалады.
Неліктен тапсырмаларды беру маңызды
Басшы уақыты компанияның болашағын айқындайтын міндеттерге жұмсалғаны жөн: жаңа нарықтарды іздеу, өнімді дамыту және серіктестік қатынастарды нығайту. Қызметкерлерге не мамандарға тапсыруға болатын ағымдағы процестер бүкіл жұмыс уақытын алып қоймауы керек.
Тапсырмаларды дер кезінде беру негізін қалаушының жүктемесін азайтып, қажудың алдын алып, бизнесті дамытуға көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Қате 5. Құқықтық және салықтық мәселелерді елемеу
Бизнесті рәсімдеу мен құжат жүргізудегі қателер елеулі мәселелерге әкелуі мүмкін. Мәселен, кәсіпкер тіркеудің қолайсыз нысанын — ЖК немесе ЖШС-ні таңдайды, клиенттермен және мердігерлермен шартсыз жұмыс істейді немесе салық есептілігінде қателіктер жібереді.
Қауіпті қалай азайтуға болады
Жұмысты бастамай тұрып заңгермен және бухгалтермен кеңескен дұрыс. Мамандар тиімді салық режимін таңдауға және құжат айналымын жолға қоюға көмектеседі.
Шарттар, құжаттар және салық тәртібінің реттелуі бизнестегі тәуекелдерді азайтып, серіктестермен, клиенттермен және банктермен берік қатынас орнатуға көмектеседі.
Бизнес бастау кезінде қателерден қалай сақтануға болады
Кәсіпкерлікте қиындықтарды мүлде болдырмау екіталай. Бірақ алдын ала қаржыны жоспарлап, жеке және корпоративтік қаражатты бөліп, ілгерілетумен айналысып, тапсырмаларды беріп, құқықтық және салықтық жағын қадағалау арқылы көптеген тәуекелді азайтуға болады.
Маңыздысы — қателерді байқап қана қоймай, оларды уақытында түзетіп, жиналған тәжірибені компанияны дамытуға пайдалану.
Жиі қойылатын сұрақтар
Жаңа бастаған кәсіпкерге бизнес-жоспар не үшін қажет және оған не кіреді?
Бизнес-жоспар мақсаттарды айқындап, жобаны қалай дамыту керегін түсінуге көмектеседі. Онда бизнестің міндеттері сипатталады, бәсекелестер талданады, сату жоспары жасалып, шығындар болжанады. Мұндай құжатсыз нөлдік рентабельдікті және күтілетін пайданы есептеу қиын. Сонымен қатар, банкке қаржыландыру сұрағанда бизнес-жоспар қажет.
Бизнес шығындарын төлеу үшін жеке банктік картаны пайдалануға бола ма?
Кәсіпкерлік есеп айырысуларға жеке картаны қолдану ұсынылмайды. Жеке және корпоративтік ақшаны араластырсаңыз, пайданы қадағалау, ақша ағынын бақылау және салықты есептеу қиындайды. Бизнеске арналған бөлек есеп айырысу шотын ашқаныңыз дұрыс.
Өнімім жақсы, бірақ оны ешкім білмейді. Ол өзі-ақ сатылуы керек емес пе?
Сапалы тауар немесе қызмет те ілгерілетуді қажет етеді. Егер жарнама бюджеті шектеулі болса, алдымен әлеуметтік желілерден бастап, жергілікті жәрмеңкелерге қатысып, басқа компаниялармен серіктестік бағдарламалар жүргізіңіз.
Неге кәсіпкер барлық міндеттермен өзі айналыспауы керек?
Егер негізін қалаушы бір мезгілде бухгалтерия, маркетинг, сату және жеткізумен айналысса, компанияны дамытуға уақыты аз қалады. Стратегиялық міндеттер — жаңа нарықтарды іздеу, өнім мен серіктестіктерді дамыту — күнделікті тапсырмалар үшін кейінге қалдырылмауы тиіс; мұндай рутинаны тапсыруға болады.