Бірнеше компания не ЖК бір IP-мекенжайдан есептілікті жолдаса, салық органдары ЭЦҚ-ның берілуіне назар аударуы мүмкін. Мекенжайлардың сәйкестігі құжаттарға нақты кім қол қойып отырғаны туралы күдік тудырады.
Есептілік жіберілгенде, салық қызметі құжат жолданған IP-мекенжайды көреді. Бір мекенжайды әртүрлі салық төлеушілер қолданса, тексерушілер ЭЦҚ-ның жеке кілтінің иесі оны басқа адамға бермеді ме деген сұрақ қоя алады.
Егер бірнеше компания мен ЖК-де есеп тапсыру кезінде IP-мекенжайлар бірдей болса, бұл ЭЦҚ берілді деген күдікке, артынша айыппұлға әкелуі мүмкін.
ЭЦҚ-ны беру және өзгенің ЭЦҚ-сын пайдалану үшін қандай айыппұлдар
Мұндай бұзушылықтар үшін жауапкершілік ҚР ӘҚБтК-нің 640-бабында көзделген. Жеке кілтін басқа тұлғаға берген иеге де, өзгенің кілтін пайдаланған адамға да жаза қолданылады.
ЭЦҚ-ның жеке кілтін заңсыз бергені үшін мынадай айыппұлдар көзделген:
- жеке тұлғаларға — 10 АЕК (43 250 теңге);
- лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға — 15 АЕК (64 875 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 30 АЕК (129 750 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК (648 750 теңге).
Өзгенің ЭЦҚ-сының жеке кілтін пайдаланғаны үшін айыппұлдар жоғары:
- жеке тұлғаларға — 50 АЕК (216 250 теңге);
- лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға — 100 АЕК (432 500 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК (648 750 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 200 АЕК (865 000 теңге).
Барлық сомалар 2026 жылғы АЕК — 4325 теңге негізінде есептелген.
Қол қою құқығы бар қызметкерге ЭЦҚ рәсімдеу тәртібі
Басшының кілтін берудің орнына, қызметкер компанияның БСН-іне тіркелген ұйымдық ЭЦҚ-ны жеке өзі ала алады. Өтінім Ұлттық куәландырушы орталықтың (ҰКО) порталында онлайн рәсімделеді.
Өтінім беру үшін жарамды жеке куәлік, SMS алуға арналған телефон, веб-камерасы бар компьютер немесе камерасы бар смартфон, сондай-ақ NCALayer бағдарламасы қажет.
Рәсімдеу тәртібі:
- Заңды тұлғалар бөлімінде «Қол қою құқығы бар қызметкер» санатын таңдау.
- Ұйымның БСН-ін енгізіп, оның атауын растау.
- ЖСН мен телефон нөмірін көрсету, кейін SMS-тен келген кодты енгізу.
- Веб-камера немесе смартфон көмегімен бейнеидентификациядан өту.
- Кілтті сақтау орнын таңдау. ҰКО компьютерге емес, қорғалған тасымалдағышты қолдануды ұсынады.
- Өтінімді растау және оның нөмірін сақтап қою.
Осыдан кейін бірінші басшы ҰКО жеке кабинетінде «Қызметкерлердің ЭЦҚ-лары» қойындысында өтінімді растауы тиіс.
Басқа қызметкерлердің ЭЦҚ-ларын растау құқығын қызметкерге қалай беру
Бірінші басшы қол қою құқығы бар қызметкерге басқа қызметкерлердің ЭЦҚ кілттерін растау және кері қайтарып алу өкілеттігін бере алады. Ол үшін қызметкерде «Қол қою құқығы бар қызметкер» жарамды сертификаты болуы қажет.
Өкілеттіктерді беру үшін басшыға:
- ҰКО жеке кабинетінде «Қызметкерлердің ЭЦҚ-лары» қойындысын, содан кейін «Өкілеттіктерді делегирлеу» бөлімін ашу.
- «Делегирлеу» батырмасын басып, қажетті қызметкерді ЖСН бойынша табу.
- «Делегирлеу» жалаушасын қою және өтінімді растау.
- Өз ЭЦҚ-ңызбен өзгерістерге қол қою.
Өкілеттіктер қажет болмай қалса, сол бөлімде қызметкерді таңдап, «Өңдеу» батырмасын басып, «Делегирлеу» жалаушасын алып тастауға болады.