1. Ағымдағы төлемдер және 701.00 нысаны тоқтатылды
2026 жылдан бастап көлік құралдарына салынатын салық бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу тоқтатылды. Сондай-ақ 701.00 нысаны бойынша салық есептілігін тапсыру міндеті алынып тасталды.
2. Көлік құралының санатын айқындау
Көлік құралының санаты техникалық паспортында көрсетілген жүргізу құқығы санатына сәйкес айқындалады.
3. Түзету коэффициенттерін енгізу
ҚР Салық кодексінің 565-бабына сәйкес, жеңіл автомобильдер үшін көлік құралын пайдалану мерзіміне қарай түзету коэффициенттері қолданылады:
- 0,7 — пайдалану мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейін (қоса алғанда);
- 0,5 — пайдалану мерзімі 20 жылдан астам.
4. Бірыңғай салық мөлшерлемелері
Қозғалтқыш көлемі 3000 см³-ден жоғары, 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін өндірілген немесе әкелінген жеңіл автомобильдер үшін жеке мөлшерлемелер алынып тасталады. 2026 жылдан бастап көлік құралдарына салынатын салық бірыңғай мөлшерлемелер бойынша есептеледі, автомобильдің өндірілген немесе әкелінген күніне қарамастан.
Көлік салығын есептеу тәртібі
Ағымдағы төлемдердің күшін жоюға байланысты салық күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша, көлік құралын нақты иелену мерзімін ескере отырып есептеледі.
Есептеу тәртібі меншік құқығының пайда болуы мен тоқтатылу сәтіне байланысты:
- Егер меншік құқығы салық кезеңінде пайда болып, 31 желтоқсанға дейін тоқтатылмаса — салық меншік құқығы пайда болған айдың 1-інен бастап салық кезеңінің соңына дейін есептеледі.
- Егер меншік құқығы салық кезеңінде тоқтатылса — салық салық кезеңінің басынан меншік құқығы тоқтатылған айдың 1-іне дейін есептеледі.
- Егер меншік құқығы бір салық кезеңінде пайда болып және сол кезеңде тоқтатылса — салық меншік құқығы пайда болған айдың 1-інен меншік құқығы тоқтатылған айдың 1-іне дейін есептеледі.
Меншік құқығы салық кезеңінде тоқтатылған жағдайда, декларацияда көлік құралын нақты иелену кезеңі үшін есептелген салық сомасы көрсетіледі.