Алдыңғы нұсқамен салыстырғанда жаңа Қағидалар «Респондент кабинеті» және мобильдік сервистер арқылы есептілікті электрондық түрде тапсыру тәсілдерін егжей‑тегжейлі сипаттайды, тапсыру мерзімдері туралы хабарламалар жүйесін енгізеді, сондай‑ақ қателерді түзету тәртібін қатаңдатады.
Негізгі өзгеріс: қателерді түзету мерзімдері
Ең маңызды жаңалық – бұрын тапсырылған есептіліктегі қателерді түзету. Енді оған 1 жұмыс күні беріледі.
Мемлекеттік статистика органдары анықтаған қателер бойынша түзетілген статистикалық нысан да респондент тарапынан бір жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиіс.
Респондентке бармай жүргізілетін мемлекеттік бақылау
Біріншілік статистикалық деректер белгіленген мерзімде ұсынылмаған немесе дәл емес деректер берілген жағдайда, мемлекеттік статистика органдарының лауазымды адамдары респондентке бармай мемлекеттік бақылау жүргізеді.
Бухгалтерлік және қаржылық құжаттарды сұрату
Жаңа Қағидалар есептіліктің дұрыстығын растау үшін қосымша құжаттарды сұрату мүмкіндігін көздейді (Қағидалардың 12-тармағы):
«Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулі қолжетімді ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік статистика органдарының лауазымды адамдары біріншілік статистикалық деректердің дұрыстығын растау мақсатында жүгінген кезде, респондент қосымша ақпаратты, соның ішінде қаржылық не бухгалтерлік құжаттар түрінде ұсынады».
Есептілікті электрондық тапсыру және хабарламалар
Жаңартылған Қағидаларда «Респондент кабинеті», мобильдік қосымша, push-хабарламалар, сондай-ақ карантин мен төтенше жағдай жағдайларында әрекет ету тәртібі қамтылған есептілікті тапсырудың электрондық арналары егжей‑тегжейлі сипатталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, жалпы мемлекеттік статистикалық бақылаулар бойынша біріншілік статистикалық деректер мынадай тәсілдермен ұсынылады:
- мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсындағы «Респондент кабинеті» арқылы электрондық түрде — www.stat.gov.kz;
- қағаз тасымалдағышта, жеке өзі тапсыру арқылы не пошта байланысы қызметтері арқылы;
- компьютерлендірілген телефондық сауалнама жүйесі арқылы;
- интервьюер жеке сауалнама жүргізген кезде қағаз тасымалдағышты немесе дербес есептеу құрылғысын (планшетті) пайдалану арқылы.
Ведомстволық статистикалық бақылаулар бойынша біріншілік статистикалық деректер қағаз тасымалдағыштарда не электрондық түрде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып ұсынылады.
Жалпы мемлекеттік статистикалық бақылаулар бойынша біріншілік статистикалық деректерді өзге тәсілдермен ұсынуға жол берілмейді.
Карантин және ТЖ кезіндегі тапсыру тәртібі
Карантин, төтенше жағдай немесе жүріп-тұруға өзге шектеулер кезінде респонденттер біріншілік статистикалық деректерді ведомствоның интернет-ресурсындағы «Респондент кабинеті» арқылы электрондық түрде не компьютерлендірілген телефондық сауалнама жүйесі арқылы ұсынуға міндетті.
Бұған уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің интервьюерлеріне деректер беретін үй шаруашылықтары жатпайды.
Есептілікті ұсыну күнін тіркеу
Статистикалық нысандарды ұсыну күні тапсыру тәсіліне байланысты айқындалады:
- электрондық түрде — күн автоматты түрде қойылады;
- қағаз тасымалдағышта — жеке тапсырған кезде титулдық беттерде аумақтық бөлімшелердің мөртабанымен, ал пошта арқылы жіберген кезде пошта штемпелімен күн белгіленеді.
Респонденттерге арналған push-хабарламалар
Жаңа Қағидаларға сәйкес респонденттерге статистикалық нысандарды ұсыну қажеттілігі туралы еске салулар «электрондық үкімет» мобильдік қосымшасы арқылы push-хабарламалар түрінде белгіленген мерзімділікпен жіберіліп отырады.