Франшиза қалай жұмыс істейді: шартқа қол қоймас бұрын нені тексеру керек

Бизнеске енді кіріскен кәсіпкерлер тәуекелді азайту үшін жиі франшизаны таңдайды. Франшиза деген не және өзіңізге лайық бизнес-модельді қалай таңдауға болатынын қарастырамыз.
франшиза

Жарияланған күні: 27 ақпан 2025

Франшиза деген не

Франшиза — бизнес жүргізудің форматы: онда бір компания (франчайзер) басқа тарапқа (франчайзи) өз брендин, бизнес-моделін және технологияларын пайдалануға құқық береді. Франчайзи бизнес жүргізуге қажет құралдар жиынтығын алады: логотип, фирмалық стиль, технологиялық регламенттер, рецептер, жарнамалық материалдардың макеттері және жеткізушілердің байланыстары. Оның орнына ол паушалдық төлем — бекітілген сома төлейді, кейін айналымнан пайыз ретінде тұрақты роялти аударады.

Франшизаны сатып алу арқылы кәсіпкер бренд құқық иесінен қадам-қадам нұсқаулықтары мен қолдауы бар дайын бизнес-жүйесін алады. Франшиза бизнесті енді бастағандарға тәуекелді төмендетеді, себебі сыналған модельді қолдануға мүмкіндік береді. Бұл тұжырымдаманы нөлден әзірлеу қажеттігін жояды: франчайзи логотиптен бастап қызметкерлерді оқыту бағдарламасына дейін толық шешімдер кешенін алады.

Дегенмен әлеуетті қауіптер де бар. Кейбір компаниялар нақты тәжірибесі немесе айқын бизнес-стратегиясы болмаса да франшизалар сатады. Негізгі табысы желіні дамыту емес, паушалдық төлемдерді алуға құрылады. Мұндай франшизаларды «пустышка» деп атайды: кәсіпкер қаражаты мен уақытын жұмсап, пайдаға жете алмауы, ал ең нашар жағдайда инвестициясынан айырылуы мүмкін.

Сондықтан франшиза сатып алмас бұрын бизнестің барлық қырын мұқият зерделеп, франчайзер мен қаржылық модельді тексеру, компанияның жұмыс істеп келе жатқан мерзімін білу және шарт талаптарын мұқият оқу маңызды. Сауатты талдау қаржылық шығындар мен жағымсыз салдардың алдын алуға көмектеседі.

Франшиза қалай жұмыс істейді: шартқа қол қоймас бұрын нені тексеру керек

Франчайзерді қалай тексеру керек

Сенімді франшизаны күмәнді нұсқалардан айыру үшін компанияның құқықтық ашықтығын бағалау, қаржылық моделін талдау, беделін зерттеу және бизнесінің шынайылығына көз жеткізу қажет. Кестеде франшизаны тексерудің негізгі кезеңдері мен осы үдерісте көмектесетін құралдар көрсетілген.

Тексеру санаты Нені талдау керек Ақпаратты қайдан іздеу Бұл не үшін қажет
Құқықтық ашықтық Құрылтай құжаттары, тіркеуі, қызмет түрлері, таратудың/банкроттықтың болмауы, құрылған күні Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайты Бизнес заңдылығын тексеру, алаяқтық схемаларды болдырмау
Басшылық және иелер Директорлардың ауысу жиілігі, берешектерінің болуы, басқа заңды тұлғалармен байланыстары Берешек реестрлері, коммерциялық дерекқорлар Басшылықтың сенімділігін бағалау, ықтимал тәуекелдерді анықтау
Қаржылық модель Бастапқы инвестициялар, тұрақты шығындар, болжалды кіріс, маусымдылық, өзін-өзі ақтау мерзімі, рентабельділік, паушалдық төлем мен роялтаның мөлшері Франчайзерден ақпарат сұрату, ұсынылған деректерді талдау Бизнестің рентабельділігін және пайдаға шығу мүмкіндігін анықтау
Тауар таңбасын тіркеу Брендтің ҰЗМИ-де тіркелуі ҰЗМИ, коммерциялық дерекқорлар Брендке қатысты құқықтардың қорғалғанына көз жеткізу
Сот даулары Талап-арыздардың болуы, себептері және сот шешімдері Арбитраж істерінің тізілімі (Қазақстан Арбитраж палатасы) Құқықтық тәуекелдер мен дау ықтималдығын бағалау
Бедел мен пікірлер Әрекет ететін франчайзилердің пікірлері, клиенттердің пікірлері, БАҚ-тағы жарияланымдар Google, 2ГИС және әлеуметтік желілердегі іздеу Франшиза туралы объективті көрініс қалыптастыру, ықтимал мәселелерді анықтау
Шарт талаптары Әрекет ету мерзімі, тараптардың құқықтары мен міндеттері, бұзу тәртібі, айыппұл санкциялары Шарт жобасын франчайзерден сұрату, заңгерлік сараптама Жасырын тәуекелдерді табу, франчайзидің құқықтарының сақталуын тексеру
Жұмыс істеп тұрған нүктелер Бизнестің нақты жұмысына баға беру Сауда нүктелеріне жеке барып көру Қызмет сапасын және жарияланған стандарттарға сәйкестігін тексеру

Франчайзерге қойылатын маңызды сұрақтар

Франшизаны таңдағанда франчайзерге мына сұрақтарды қойыңыз:

  • Франчайзиға қандай талаптар қойылады?
  • Қандай қаржылық салымдар қажет болады?
  • Ғимаратқа, орналасуына және жөндеуіне қандай талаптар бар?
  • Франшизаның қаржылық моделі қалай құрылады?
  • Білім базасы, оқыту материалдары және есепке алу бағдарламалары беріле ме?
  • Тауар таңбасы тіркелген бе?
  • Қазіргі франчайзилермен сөйлесуге бола ма?

Осы сұрақтардың жауаптары болашақтағы күтпеген жағымсыз жайттардың алдын алуға көмектеседі.

Шартта нені ескеру керек

Франшизалық шартқа қол қоярда мыналарды ескеріңіз:

  • Шарттың әрекет ету мерзімі. Қысқа мерзім аяқталған соң франчайзер ынтымақтастықты тоқтатпайтынына көз жеткізіңіз.
  • Аумақтық эксклюзивтілік. Жақын маңда басқа франшиза нүктелері ашылмайтынын анықтаңыз.
  • Баға белгілеу және есеп. Бағаны өзіңіз қоя алатыныңызды нақтылаңыз.
  • Зияткерлік меншік. Тауар таңбасының тіркелуін және оны пайдалану құқығын тексеріңіз.
  • Сатып алу бойынша міндеттемелер. Міндетті жеткізушілер мен баға белгілеу талаптарының бар-жоғын анықтаңыз.
  • Шартты бұзу шарттары. Болашақта франшизаны сата алатыныңызды анықтап алыңыз.

Франчайзинг шарты — күрделі құжат, сондықтан қол қоймас бұрын заңгерден кеңес алуды ұсынамыз.

Қорытынды

Франшизаны сатып алу — мұқият қарауды қажет ететін маңызды қадам. Бұл кезеңдегі қателіктер қаржылық шығын мен көңіл қалдыруға әкелуі мүмкін. Тәуекелді азайту үшін:

  • Нарықты және бәсекелестерді мұқият талдаңыз.
  • Франчайзердің беделін және франчайзилер пікірлерін тексеріңіз.
  • Шартты және қаржылық модельді егжей-тегжейлі зерттеңіз.
  • Шығындар мен ықтимал пайданы бағалаңыз.

Франшиза — бизнес жүргізудің құралы, бірақ оның табыстылығы таңдауыңызға және басқаруыңызға байланысты. Байыпты шешім мен жан-жақты талдау табысты әрі тұрақты кәсіп құруға көмектеседі.

Осы автордың жаңа мақалалары

0 0 дауыс
Рейтинг
0 пікірлер
Алғашқылары Сортировка
Жаңалары Танымалдар
Мәтін аралық кері байланыс
Барлық пікірлерді қарау