Экспорттаушылар үшін не өзгереді
Басты жаңалық — міндетті тексерусіз 15 жұмыс күні ішінде ҚҚС-ты жедел қайтару. Алайда жеңілдетілген рәсімді бірқатар шарт орындалғанда ғана пайдалануға болады:
- салық органдарының орындалмаған хабарламаларының болмауы;
- экспорттық операциялардың үлесі компанияның жалпы айналымының кемінде 50% болуы;
- соңғы 12 ай бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесінде қайтаруға жататын соманың расталуы.
Қайтарым мөлшері салықтық тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы айқындалады. Бұл тәсіл бюджет тәуекелдерін азайтып, адал компаниялар үшін қаражатты қайтаруды жеңілдетеді.
Қазір жүйе қалай жұмыс істейді
Қазіргі таңда жеңілдетілген қайтару тәртібі салық төлеушілердің шектеулі тобына ғана қолданылады: ірі компанияларға, өндірушілерге және валюталық түсімді теңгеге конвертациялайтын шикізат экспорттаушыларына. Бұдан бөлек, қайтару лимиті бар — санатына қарай 50%-дан 80%-ға дейін. Іс жүзінде бұл құқықты небәрі 40–50 компания пайдаланады.
2026 жылдан бастап жаңа жүйеге мыңнан аса экспорттаушы қол жеткізеді — қатысушылар саны 20 еседен көп артады.
Қайтару мерзімдерін қысқарту
Жаңа Салық кодексі мерзімдерді өзгерту мәселесін де қарастырады. Енді есептеу мерзімі декларация тапсырылған сәттен емес, талап қою күнінен басталады. Тексеру нәтижелері бойынша қайтару мерзімі 75 жұмыс күнінен 55 жұмыс күніне дейін қысқарады. Бұл экспорттаушыларға қаражатты шамамен екі ай бұрын алуға мүмкіндік беріп, капитал айналымын жеделдетіп, бизнестің қаржылық тұрақтылығын арттырады.
Сарапшылар пікірі
Мамандардың пікірінше, жаңартылған ережелер экспортты дамытуға қосымша серпін беріп, Қазақстан кәсіпкерлеріне ақша ағындарын тиімді басқаруға көбірек мүмкіндік береді.