Қазақстанда статистикалық нысандар саны қысқартылады. ҚР Экономика министрінің айтуынша, бұл респонденттерге түсетін жүктемені азайту үшін қажет. 2023 жылы тізімнен есептіліктің 18 нысаны алынып тасталды, 2024 жылы тағы 8-і қысқарды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда статистикалық нысандар саны қазірдің өзінде 20%-ға азайғанын білдіреді.
Есеп тапсыруды жеңілдетіп, деректерді дайындауға кететін еңбек шығынын азайту үшін 2027 жылға қарай статистикалық нысандар санын 50%-ға қысқарту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы ақпаратты баламалы көздерден жинауға көшуді бастап кетті: салық органдары, төлем жүйелері және басқа да цифрлық ресурстар. Қазір әртүрлі ақпараттық жүйелермен интеграция белсенді жүріп жатыр, бұл болашақта қажетті статистикалық деректерді респонденттердің қатысуынсыз тікелей алуға мүмкіндік береді.