Жол парақтары мен ТТН-де графалар саны 10-ға артты
Өзгерістер жол парағы, тауар-көлік жүкқұжаты (ТТН) және CMR үшін мәліметтер формасына қатысты. Графалар саны 20-дан 30-ға дейін артты. Формаға мынадай деректер қосылды:
- тасымалдаушының өндірістік базасына автокөліктің келу және базадан шығу күні мен уақыты;
- рейске дейінгі және кейінгі одометр көрсеткіштері;
- жанармай маркасы;
- рейс ұзақтығы;
- автокөліктің жүріс қашықтығы;
- рейстер саны;
- жанармай шығыны;
- өлшеу немесе таразылау актісі;
- құны жарияланған жүк;
- Ұлттық тауарлар каталогы бойынша жүктің сәйкестендіру коды.
Бұдан бөлек, тиелген жүк туралы графада енді масса мен габариттерден бөлек, жүк бірліктерінің саны да көрсетіледі.
Жол парағы мен ТТН-ді рәсімдеу тәртібі
Жол парағы мен ТТН-ді қағаз түрінде немесе электрондық құжат ретінде рәсімдеуге болады. Олар ауысым не рейс басталғанға дейін жасалады — әрбір жүк көлігіне жеке. ТТН-дегі кей деректерді жүк жөнелтуші немесе жүк алушы толтырады. Тасымалдаушы рейс, автокөлік және жанармай шығыны жөніндегі деректерді көрсетеді.
Жолаушыларды тасымалдау қағидаларындағы өзгерістер
Бұйрық спутниктік навигация аппаратурасының ұғымын да нақтылайды. Енді ол көлік құралына орнатылатын және ғаламдық навигациялық спутниктік жүйелер сигналдары бойынша оның орналасқан жерін, қозғалыс бағыты мен жылдамдығын анықтайтын аппараттық-бағдарламалық құрылғы ретінде түсіндіріледі.
Құрылғы қосымша борттық жабдықпен деректер алмасуды және ұтқыр радиотелефон байланысы желілері арқылы ақпарат беруді де қамтамасыз етуі тиіс.