2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақыны 85 000-нан 110 000 теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Айлық нормасын толық орындаған қызметкерлерге жұмыс берушілер осы сомадан кем емес жалақы төлеуге тиіс. Президент Жолдауының дерегі бойынша, бұл өзгеріс шамамен 1,8 млн адамды қамтиды.
ЕТЖ-мен бірге Қазақстанда өзге де көрсеткіштер өзгереді:
- жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖБМЗЖ) мөлшерлемесі 3,5%-дан 4,5%-ға өседі. 2028 жылы оны 5%-ға дейін жеткізу жоспарланған;
- бірыңғай төлемнің мөлшерлемесі 24,8%-дан 25,8%-ға дейін ұлғаяды;
- әлеуметтік аударымдар мен ЖБМЗЖ үшін ең төменгі база 110 000 теңге болады;
- әлеуметтік аударымдар үшін ең жоғары база 770 000 теңгеге дейін, ал МЗЖ және ЖБМЗЖ үшін — 5,5 млн теңгеге дейін өседі.
ЕТЖ-нің артуы бала 1,5 жасқа дейін күтіміне төленетін төлемнің шекті мөлшерін де көтереді. ЕТЖ-нің жаңа деңгейінде заңмен белгіленген ең жоғары сома МЗЖ ұсталғанға дейін 308 000 теңге болады. Алайда 2027 жылы туған балалар үшін нақты шек алдыңғы 24 айдағы табысқа байланысты болады.
Ұлттық экономика министрлігінің алдын ала есептеуі бойынша, еңбекақы шығындары бизнес үшін шамамен 426 млрд теңгеге артады. Сонымен бірге шегерімдердің ұлғаюы есебінен компаниялар корпоративтік табыс салығын 60–68 млрд теңгеге аз төлей алады.
2027 жылға арналған ЕТЖ-нің түпкілікті мөлшері республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі.