Жаңа Салық кодексіндегі норма
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі атап өткендей, жаңа Салық кодексі шеңберінде бизнес үшін бейімделу кезеңін жеңіл өткізуге бағытталған шаралар кешенін Үкімет әзірледі. Қазіргі уақытта Қаржы министрінің тиісті бұйрығы Әділет министрлігінде келісуден өтуде.
Өсімпұл мен айыппұл қашан автоматты түрде есептен шығарылады
Осы жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында салық берешегі өтелсе, салық органдары есептелген өсімпұл мен айыппұлды автоматты түрде өздері есептен шығарады.
Кейінге қалдыру, бөліп төлеу және жаңа төлем мерзімдері
Салық төлеушінің салық төлеу мерзімі кейінге қалдырылған, бөліп төлеу берілген немесе төлеу мерзімдері өзгертілген болса да, өсімпұл мен айыппұлды есептен шығару мүмкін. Негізгі берешек сомасын мерзімінен бұрын өтеген жағдайда да есептелген өсімпұл мен айыппұлдар есептен шығарылады.
Банкроттық, сауықтыру және қайта құрылымдау
Сот шешімімен салық төлеушіге қатысты банкроттық, сауықтыру немесе қайта құрылымдау рәсімдері енгізілсе, ол еркін нысанда өтініш бере алады. 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында салық міндеттемелері орындалған жағдайда есептелген өсімпұл мен айыппұлдар есептен шығарылады.
ҚҚС бойынша бөлек ереже
Егер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай айыппұлдар өндіруге берілмеген болса, ҚҚС бойынша есепке тұрмау үшін салынған айыппұлдар да есептен шығарылады.