Меншік иелері білуге тиіс жайттар
2020 жылдан бастап күшіне енетін, бизнес үшін маңызды Қазақстанның Салық кодексіндегі өзгерістер туралы айтамыз.
Салық органдарының шешімдерін даулауға болады
1 қаңтардан бастап салық төлеушілер салық инспекциясының мынадай хабарламаларын даулауға құқылы:
- тексеру нәтижелері туралы;
- көлденең мониторинг нәтижелері туралы;
- салық төлеушінің тексеру нәтижелері туралы хабарламаға берген шағымын қарау қорытындылары, сондай-ақ салық органдары лауазымды тұлғаларының әрекеті не әрекетсіздігі туралы.
Дереккөз: Салық кодексінің 13-бабына «Салық төлеушінің құқықтары мен міндеттері» бойынша енгізілген өзгерістер.
Кәсіпкерлер ККМ қолдануға міндетті
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ақшалай есеп айырысу кезінде кәсіпкерлер деректерді онлайн жіберетін контрольно-кассалық машиналарды (ККМ) қолдануға міндетті. ККМ орнатуға тиіс субъектілер: шағын бизнес өкілдері және шаруа қожалықтары.
Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіледі. Енді онлайн ККМ қолданбағаны үшін ескерту орнына бірден айыппұл салынады.
Банктер клиенттері туралы көбірек ақпарат беруге міндетті
Уәкілетті органның сұрау салуы бойынша банктер мынадай мәліметтерді ұсынуға міндетті:
- банктік шоттардың бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы;
- осы шоттардағы қалдық пен ақша қозғалысы туралы;
- өзге мүліктің бар-жоғы, түрі және құны туралы, соның ішінде металл шоттарда орналастырылған не жеке және заңды тұлғалардың басқаруындағы мүлік туралы;
- кәсіпкерлер кеңселерінде төлем карталары арқылы төлем қабылдауға пайдаланатын құрылғылар туралы ақпаратты, сондай-ақ жедел төлемдер жүйесі жөніндегі мәліметтерді.
Дереккөз: Салық кодексінің 24-бабына «Екінші деңгейдегі банктер мен жекелеген банктік операцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың міндеттері» бойынша енгізілген өзгерістер
Салық төлеуден босату
Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін арнайы салық режимдерін қолданатын және микро немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылатын тұлғалар, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер мына салықтардан босатылады:
- корпоративтік табыс салығы, төлем көзінен ұсталатын сомалардан бөлек;
- әлеуметтік салық;
- бірыңғай жер салығы.
Бұл шешім мына қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға қолданылмайды:
- бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет;
- кредиттік бюролардың қызметі;
- күзет қызметі;
- есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымына байланысты қызмет;
- акцизделетін өнімді өндіру немесе көтерме өткізу;
- ойын бизнесі саласындағы қызмет;
- радиоактивті материалдардың айналымына қатысты қызмет;
- банктік қызмет (не жекелеген банктік операциялар) және сақтандыру нарығындағы қызмет (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);
- астық қабылдау орындарында астық сақтау қызметі;
- лотерея ұйымдастыру;
- аудиторлық қызмет;
- азаматтық және қызметтік қару мен оған арналған оқ-дәрінің айналымына қатысты қызмет;
- жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет, оның ішінде старательдердің қызметі;
- мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бөлшек сату: бензин, дизель отыны және мазут;
- пайдалы қазбаларды өткізу, соның ішінде трейдерлердің қызметі, көмір мен мұнайды өткізу;
- сыртқы экономикалық қызмет.