2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өткен және ағымдағы жылы айналымның ең төменгі шегі асырылмаған жағдайда салық төлеушілер ҚҚС бойынша тіркеуден өз еркімен шыға алмайды. Салық төлеуші ҚҚС бойынша тіркеуден шыға алады, егер айналым:
- өткен жылы 20 000 АЕК-тен аспаса;
- ағымдағы жылы 20 000 АЕК-тен аспаса.
2026 жылдан бастап төлеуші ҚҚС бойынша тіркеуден мына жағдайларда шығарылады:
- жалпыға белгіленген салық салу тәртібінен (ЖБТ) арнаулы салық режиміне (АСР) ауысқанда;
- қызметін тоқтатқанда немесе таратқанда (жойғанда).
ЖБТ-дан АСР-ға ауысқан кезде салық төлеуші қолданылатын салық салу тәртібі туралы хабарламамен қатар салық органына ҚҚС бойынша тарату (жою) жөніндегі салық есептілікті бір мезгілде тапсырады. Сондай-ақ ҚР Салық кодексінің 103-бабына сәйкес салық төлеушіні тіркеуден шығару мына жағдайларда жүзеге асырылады:
- салық төлеушінің қызметін тоқтатуына немесе таратылуына (банкроттық себебінен қызметін тоқтату немесе тарату жағдайларын қоспағанда) байланысты – тиісті тіркеу органына қызметті тоқтату туралы өтінішті (салықтық өтінішті) ұсынған күннен бастап;
- банкроттық себебінен салық төлеушінің қызметін тоқтатуы немесе таратылуы – жеке кәсіпкерді тіркеуден шығару немесе заңды тұлғаны нөмірлер тізілімінен алып тастау күні;
- соттың заңды күшіне енген актісімен жеке кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеу жарамсыз деп танылуына байланысты салық төлеушінің қызметі тоқтатылғанда – салық төлеушіні тіркеу есебіне қою күні;
- заңды тұлғаларды біріктіру, қосу арқылы қайта ұйымдастыру – тарату жөніндегі салық есептілікті және беру-қабылдау актісін ұсынған күннен бастап;
- заңды тұлғаны бөлу арқылы қайта ұйымдастыру – тарату жөніндегі салық есептілікті және бөлу актісін ұсынған күннен бастап;
- жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде тұрған жеке тұлғаның қайтыс болуы – салық төлеушілер базасынан алып тастау күні;
- жалпыға белгіленген салық салу тәртібінен арнаулы салық режиміне ауысу – арнаулы салық режимін қолдануды бастаған күннен бастап.