Босаңсуға әлі ерте. Коронавирус инфекциясы ел бойынша әлі таралуда және
оны тежеп, пандемия салдарын мүмкіндігінше азайтуға бар күш салынуда. Сондықтан өзгерістердің басым бөлігі
қазір бизнестің дағдарыстан өтуіне және қайта қалпына келуіне көмектесуге бағытталған. Біз Сіз үшін назардан тыс қалдыруға болмайтын
ең маңызды бес жаңалықты таңдадық:
- ЕАЭО-де «Шекарасыз жұмыс» бірыңғай жүйесі іске қосылады. Қазір Одаққа мүше елдердің
бәрі – Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей –
осы жобаны жүзеге асыруда, ол жұмысты іздеп,
өзге елдерде артық қиындық пен кідіріссіз жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Қазақстан тарапынан жобаны
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үйлестіреді. - Ел карантиннен шығудың жаңа кезеңіне дайындалуда. 3 тамыздан бастап қайта жұмысын
бастайды: сауда орталықтары, дүкендер мен базарлар, балаларды дамыту орталықтары мен секциялар,
мектепке дейінгі ұйымдар – кезекші топтар режимінде, сұлулық салондары мен
шаштараздар. Ал қалған ұйымдар үшін әзірге
қызметкерлердің 80%-ын қашықтан жұмыс істеуге жіберу жөніндегі ұсыным сақталады. - eGov Mobile қосымшасында енді 7 жаңа қызмет қолжетімді. Тікелей телефоннан
стационарлық емдеуге жолдама алуға, жұмыссыз ретінде тіркелуге,
әскери қызметке қатысы туралы анықтама және т.б. рәсімдеуге болады.
Мемлекеттік қызметтерді жетілдіру жоспарға сай жүріп жатыр, ал пандемия кезеңінде
қашықтан қызметке сұраныс артқанына байланысты қарқыны да үдеді. - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов онлайн-сауданы
салықтан босатуды ұсынды. Үкімет отырысында ол «1 мамырдағы жағдай бойынша
елдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 2,5 еседен астам өсіп,
шамамен 7,5 триллион теңгеге жетті» деп атап өтті және бұл көрсеткішті одан әрі
арттыруды ынталандыруды ұсынды. Министр жеке кәсіпкерлерді
интернет-саудадан түсетін табысы жылдық кірістің кемінде 40% болса, КТС пен ЖТС-тан босатуды ұсынады. - ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Чингис Ахметов
брифингте мәлімдеді, қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда шағын және орта бизнес субъектілері
екінші деңгейлі банктерге жүгініп, несиелер бойынша төлемдерді қосымша кейінге шегеруді ала алады. Сондай-ақ ол қолдау көлемі
2,5 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын, ал 6% мөлшерлемемен берілетін несиелерді кепілдендіру
айтарлықтай күшейтілгенін айтты.
Көріп отырғаныңыздай, алда өзгерістер көп. Қазір өтпелі кезең, және дағдарысты
ешкім жоққа шығармайды. Алайда мемлекет те, кәсіпкерлер де проблемалардың деңгейін шынайы бағалап, оларды жоюға бар күшін жұмсаса,
бірлесе отырып дағдарыстан өте алатынымызға сенеміз.